Павлодар облысының аумағында болған бұл жол-көлік оқиғаларының салдарынан бір адам көз жұмып, 9 тұрғын түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары тұрақты түрде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойынша рейдтік шаралар жүргізіп, азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жасап жатқанымен, қараусыз малдың саны азаймай тұр. Олар өз кезегінде адам денсаулығына қауіп тудырып отыр.
"Қазір облыс көлемінде қараусыз төрт түлікті қамайтын 146 айып тұрағы бар. Жыл басынан бері оған 17 мыңнан астам мал басы орналастырып, олардың 2229 иесі жауапқа тартылды. Тағы 21 азамат Әкімшілік кодекстің 633-бабы бойынша жаза арқалады", – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Полиция өкілдерінің айтуынша, көп жағдайда жол-көлік оқиғаларының орын алуына иесіз жайылып жүрген жылқылар себеп болады. Мұндай жағдайда барлық шығын көлемін де қараусыз малдың иесі төлейтінін еске салды.