Жыл басынан бері 2 мыңнан астам пәтер ұрылары ұсталды

549

Қылмыстың жалпы құрылымында пәтер ұрлығының үлесі шамамен алғанда 45%-ды құрайды.

Жыл басынан бері 2 мыңнан астам пәтер ұрылары ұсталды

Жыл басынан бері 2 мыңнан астам пәтер ұрылары ұсталды. Оның ішінде 95-і әртүрлі қалаларда ұрлық жасаумен айналысқан адамдар. Бұлай деп ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Сағындық Жантеміров соңғы 5 жылда пәтер ұрлығы 33,4 пайызға төмендегенін айтады. Егер 2017 жылы 37 мыңнан астам дерек анықталса, 2021 жылы 12 мыңға жуық дерек тіркелген екен.

Спикердің айтуы бойынша, 2022 жылдың мамыр айында Түркістан облысының полиция қызметкерлері 2 ер адам мен 2 әйел адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеген. Бұл топ екі жыл бойы Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Сарыағаш аудандарының аумағында 70 пәтер ұрлығын жасаған. Ұрланған мүлікті Шымкент қаласындағы ломбардтарға тапсырып, пайданы өзара бөліскен. Шығын сомасы 100 млн теңгеден асады.

"Бұдан бөлек 2022 жылдың маусымында Орал қаласында қылмыс жасаған жерінен ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар еліміздің батыс бөлігінде 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін пәтер ұрлығымен айналысқан. Бұл топтың пәтер ұрлығының 6 дерегіне қатысы бар екені дәлелденіп отыр. Тінту іс-шаралары кезінде күдіктілерден 5 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр", – деді аға жедел уәкіл.

ІІМ өкілі ұрлықпен айналысатындардың заманауи техника мен ұялы байланысты пайдаланатындығын атап өтті. Пәтер тінтушілер үй иелері оқуда немесе жұмыста болған сәтті пайдаланып, күндізгі уақытта ұрлық жасайтын көрінеді. Олар есіктерді бұзу арқылы немесе терезе, балкон, пластик терезелерді ашу арқылы ішке енеді.

"Тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған. Ал 22 мыңнан астамы тұрғындардың бастамасы негізінде орнатылды. Пәтер ұрлығының әдісі-тәсіліне күн сайын талдау жүргізіледі", – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров.

ІІМ келтірген деректерге сәйкес, ұрылар 1-3 қабатта орналасқан, пластикалық терезелерінде торлары жоқ пәтерлерді таңдайтын көрінеді. Сонымен қатар терезелер газ құбырларының немесе өрт баспалдақтарының жанында орналасқан пәтерлерде де ұрлық жиі жасалады. Аға жедел уәкіл Сағындық Жантеміров пәтер ұрлығының алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу