Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов үкімет отырысында осы жылдың тоғыз айында отын-энергетика саласы оң қарқын көрсеткенін жеткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мәселен, жыл басынан бері 67,3 млн тоннаға мұнай және конденсат өндірілген, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% жоғары өсім көрсетті. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 40,2 млн тоннаны құрады, соның ішінде Қашағанда — 9,5 млн тонна, Теңізде — 21,5 млн тонна, Қарашығанақта — 9,2 млн тонна.
"Мұнай экспортының көлемі 54,2 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6% артты. Ал, мұнай өңдеу көлемі 12,06 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6% жоғары. 8,4 млн тонна көлемінде мұнай өнімдері шығарылды. Ішкі мұнай өнімдерінің нарығы тұрақты. Жанар-жағар май тапшылығы орын алған жоқ", — деді Досмұхамбетов.
Энергетика бірінші вице-министрінің айтуынша, 12 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы литріне 155,1 теңге, дизель отынының бағасы литріне 191,56 теңгені құрайды.
"12 қазандағы жағдай бойынша, жанар-жағар майдың қалдық қоры ішкі нарықтың қажеттілігіне жеткілікті көлемде: Аи-92 бензинінің қоры – 330,1 мың тонна (27 күнге) және дизель отынының қоры – 196,4 мың тонна (16 күнге). Ауыл шаруашылығының күзгі-егіс жұмыстарына дизель отынын жөнелту жоспарланған 394,4 мың тоннадан 348 мың тоннаны немесе жоспардың 88,2% құрады. Орындалмау себептері төлемдердің кешіктірілуі, сонымен қатар жолда жеткізу немесе жүктеу сатысындағы көлемге байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес дизель отынының қажеттілігі толық көлемде орындалды", — деді ол.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, тоғыз айда 41,4 млрд текше метр газ өндірілген, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6% артқан, ал жоспардан 6,1% артық. Ал, газ экспортының көлемі 15,5 млрд текше метрді құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңінен 25,4% жоғары. Сұйытылған мұнай газының өндірісі 2,3 млн тоннаны құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,3% артты. Мұнай битумы өндірісі 695 мың тонна көлемінде, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 16,4% жоғары. Электр қуатын өндіру көлемі 78,8 млрд кВтсағ құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары. Көмір өндіру көлемі 81 млн тоннаны құрады және былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8% өсім көрсетіп отыр.