Жыл басынан бері 447 млрд-тан астам теңге зейнетақы төленді

885

2021 жылғы қаңтар - ақпан айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 137,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 310, 2 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.  

Жыл басынан бері  447 млрд-тан астам теңге зейнетақы төленді

2021 жылғы ақпан айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 224 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 68,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 155,3 млрд теңге бөлінді.

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 245 мың адамды құрайды.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы бар) 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 100 308 теңгені құрады.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу уақытын ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жылда – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. Қатысу өтілі 33 және одан да көп жыл болса, ең жоғары мөлшерде - күнкөріс деңгейінің 100%-ы көлемінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет МЗЖ жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу