Жыл басынан бері 6 миллион тонна астық тасымалданды

941

Жыл басынан бері 6 миллион тонна астық тасымалданды

Жаңа астық теміржолдағы ішкі және сыртқы тасымалдың өсуіне ықпал етті. Биылғы он айда 6,3 миллион тонна астық тиелді. Қазақстан теміржол желілерінде қазан айында 1,2 миллион тонна жаңа астық пен ұн өнімдері тиелді, деп хабарлайды railways.kz.

Биыл экспорттық тасымалдың географиялық аясы жаңадан италиялық нарықтың ашылуына сәйкес кеңейген. Бұл бағдарға 200 мың тонна астық жөнелтілді. Қазіргі таңда экпорттық бағдардың көрсеткіші арта түскен.  2016 жылмен салыстырғанда Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан Түркия, Индияға астық  тиеу көлемі артқан. Ауғанстан мен Қытайға ұн тиеу көлемі өскен.

Ұлттық тасымалдаушының негізгі міндетінің бірі агроөнеркәсіп саласы еңбеккерлерінің өнімдерін тоқтаусыз тасымалдауды қамтамасыз ету болып табылады.

"Қазіргі жүк көлемінің артуына байланысты ұлттық тасымалдаушы жүк жөнелтушілердің тапсырысымен астық тасымалдауды уақытында атқару үшін барлық шараларды қолдануда. Тапсырыс күннен күнге өсе түсуде. Біз жүк жөнелтушілерді ұлттық тасымалдаушымен ұзақмерзімдік серіктестік орнатуға шақырамыз. Мұның маңыздысы жоспарлау тиімділігі және тасымалдау үдерісінің нормативтерін белгілеу арқылы тұрақты тасымалдауды қамтамасыз ете аламыз", - дейді "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ департаментінің директоры Айдар Исақов.

Жылма жыл астық пен ұн өнімдерін тасымалдауды тұрақты үйлестіріп отыру мақсатында жүк жөнелтушілер, жергілікті атқарушы органдар, теміржолшылар, вагондардың жеке операторларының бірлескен штабы  қызмет етеді.

Ақмола және Қостанай жол бөлімшелерінде астық пен ұн тасымалдауды ұйымдастыруды жедел жұмыс тобы штабы тәулік бойы атқарады. Жүк жөнелтушілердің тапсырыстарына орай, астық тасымалдау жоспарын жасақтап, оны тәулік ішінде орындап, астық вагондармен тиісті мөлшерде қамтамасыз етуді бақылау қатаң жүзеге асырылады.

Қазақстандық астық өндірушілердің өнімін тасымалдауға 6289 "АстықТранс" АҚ астық вагондары тартылған. Оның сыртында 2 мың астық вагондары мен мың жабық вагондар жекеменшіктің қолында. Оған қосымша, "Русагротранс" АҚ-ның 400 астық вагоны тартылған. Оның сыртында, Орта Азия, Украина, Балтық жағалауы елдері теміржол әкімшіліктерінің паркі тартылды.

Қазақстан қазан айында астық тасымалына 9 мыңға жуық вагон тартып, тасымалдау үдерісіне қатысатын барлық компаниялардың жұмысын үйлестіріп отырған жағдайда бір миллион тонна астық тасымалдауға болатын еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу