Жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза табады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам әртүрлі жарақат алады. Бұл мемлекет пен әрбір отбасы үшін орны толмас қайғы мен шығындар. Жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Алайда талдау көрсеткендей, олар жеткіліксіз болып отыр", - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Сөзінше, биыл 10 мыңнан астам жол апаты тіркелді.
"Салдарынан 981 адам қаза тапты, 12 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл алты айдың қорытындысы", - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы.