Ақтөбеде 10 ай ішінде 133 көлік өртеніп кетті. Көбі жеңіл көлік, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
"Ақтөбе облысында 10 ай ішінде 133 автокөлік өртенді. Оның 75%-ға жуығы жеңіл автокөлік. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 166 көлік жанып кеткен болатын. Көліктердегі өрт оқиғаларының бірі бүгін 12 шағын ауданы аумағында болды. "Ниссан" маркалы автокөліктің жануы таңғы сағат 04:10-да тіркелді. Оқиға орнына Ақтөбе облысы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары" ММ-нен 9 қызметкер мен 2 автокөлік жіберілді. Өрт 04:25-те шектеліп, 04:29-да толықтай сөндірілді. Жарақат алғандар мен қаза болғандар жоқ. Көлік өртін азайту үшін Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті техникалық жарамдылығын естен шығармай, зауыт нұсқауларының талаптарына сәйкес пайдалануды және қызмет көрсетуді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң түрде сақтауды сұрайды", — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Көлік иелері көбіне төтенше жағдайға дайын болмай шығады екен. Мәселен, қозғалтқыш бөлігінен өрт шыққан кезде оттегін жібермес үшін көліктің алдыңғы бөлігін ашуға болмайды. Тек 3-4 см ашып, өрт сөндіргіш құралын пайдаланған дұрыс.
"Автокөліктегі өрттердің шығу себептерінің ең кең таралған түрі — қысқа тұйықталу, қуаттайтын қондырғыларды қосымша пайдалану. Сымдарды жалғау кезінде білікті маманға жүгінген жөн", — деді баспасөз қызметі.