Мектеп оқушыларына жазда қандай қауіп бар және қалай оның алдын алуға болатынын ӨКҚ алаңында Алматы қаласының "Балалар шұғыл медициналық жірдем орталығының" қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев айтып берді.
"Балалар жарақатына қатысты статистикаға тоқталсақ – жыл басынан бері Алматы дәрігерлеріне 42 069 бала жүгінген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80 мыңнан асқан болатын. Көбіне төменгі сынып оқушылары жиі жарақаттанып қалады. Балалар самокаттан, велосипедтен, әткеншектен құлап жатады. Жарақатты үйде де алып жатады, 44%-ында тұрмыстық жарақат жағдайлары тіркелген. Ал көшеде балалардың 35%-ы жарақаттанады", – деді маман.
Балалардың жарақаттануына жиі себеп болатын жағдайлар ретінде сарапшы ересектердің жауапсыздығын және балалардың қараусыз қалуын атады.
"Бұл жерде де ата-аналардың рөлі маңызды. Олар балалармен сөйлесіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндірулері керек. Демалыс кезінде бала күннің көп бөлігін таза ауада өткізеді. Сол себепті оған міндетті түрде көшеде қауіпсіз жүру ережелерін үйреткен жөн. Ойын кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс. Қаламызда жылдам қарқынмен дамып жатқан балалар алаңдары, демалыс аймақтары көп. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар осыған мән бермейді. Балалар ата-аналарының жауапсыздығынан көптеген жарақаттармен түсіп жатады", - деп бөлісті дәрігер.