Жыл басынан бері Алматыда 8,8 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды

1005

Өз бизнесін ашу және іске асыру үшін 165 адам 583 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар алды. 

Жыл басынан бері Алматыда 8,8 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева Алматыда халықты жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлады inbusiness.kz. 

"Алматының жұмыспен қамту орталығына бірінші тоқсанда жұмысқа орналасуға көмек сұрап 11 мыңға жуық адам жүгінді. Оның ішінде 8863 адам жұмысқа орналастырылды", - деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы.

Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша "Жастар тәжірибесі" бағдарламасына өтініш жолдайтындар қатары артқан. Соның нәтижесінде ЖОО мен АОО түлектері алған мамандықтары бойынша тәжірибеден өте алады. Сонымен ұатар биыл жастар тәжірибесіне қатысушыларының жалақысы 73 мыңнан 102 мың теңгеге дейін өскен.

 "Жастар жұмысқа орналасу кезінде көбінесе тәжірибенің жоқтығы сияқты кедергілерге тап болатыны белгілі. Жұмыспен қамту орталығының мамандары бұл мәселені ірі кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге жаңа кадрларды іріктеу арқылы шешуге көмектеседі", - деп нақтылады Нәзира Тоғызбаева. 

Сонымен қатар, жұмыспен қамтылмаған алматылықтарды оқыту мәселесі шешілуде. Қысқа мерзімді курстарда 1000 адамды оқыту жоспарлануда.

 "Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар тізімі бекітілді, оқуға ниет білдірген жұмыссыздар арасында сауалнама жүргізілді, 800 адамнан тұратын резерв жасалды", - деп хабарлады басқарма басшысы.

Алматыда 26 оқу орталығы 37 мамандық бойынша курстар ұйымдастыруға дайын. Айта кетсек, оқу орталықтарын "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының тізіліміне енгізу шарттарының бірі болып табылады, онда 78 оқу орталығы тіркелген.
Биылғы жылдың мамыр айынан бастап Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарды қысқа мерзімді курстарға жібере бастайды.
Алматыдағы жұмыс іздеушілер арасында тағы бір сұранысқа ие тілек - өз ісін ашу. Бұған Жұмыспен қамту орталығында да көмек көрсетіледі.

"Өз бизнесін ашу және іске асыру үшін 165 адам 583 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар алды. Негізгі қызмет түрлері - тігін ісі, тамақ дайындау, маникюр және шаштараз өнері және басқа да қызметтер", - деп нақтылады Нәзира Тоғызбаева.

Қорытындылай келе басқарма басшысы жұмыссыз қалған Алматы тұрғындарын Еңбекпен қамту орталығына жүгінуге, жұмыссыз ретінде тіркелуге, бағдарламаларға қатысуға шақырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу