ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков баспана кезегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, былтырдан бері 400 мыңға жуық тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жағдайына талдау жүргізілді.
"Оның ішінде қазір кезекте тұрған 330 мың адам бойынша кезектің жай-күйін қамтамасыз ететін параметрлерге сәйкессіздік анықталды. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері біз баспана кезегінен 40 мыңға жуық адамды алып тастадық. Кезек негізінен азайып жатыр. Біз бұл процесті цифрландырдық. Баспана кезегіндегі мәртебесі және оның сәйкестігін растау қажеттігі туралы хабарлама азаматтарға смс түрінде жіберіледі", - деді Бақытжан Жүнісбеков.
Спикер 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары ұлғайтылғанын баса айтты.
"Бастапқыда біз 15,5 миллион шаршы метр деп жоспарладық, енді бұл көрсеткіш 18 миллион шаршы метрді құрайды", - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.