Жыл басынан бері бөлшек инвесторлардың саны екі есе өсті

Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресінде KCSD Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов айтты.   

Жыл басынан бері бөлшек инвесторлардың саны екі есе өсті Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

"Биыл Орталық депозитарий мен қор нарығы қиындыққа тап болды. Әңгіме Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттардың орасан зор өсуі туралы. Олардың саны 2022 жылдың 14 қарашасында шамамен жарты млн-ға – 494 мыңға жетті. Сонымен қатар, қарашадан бастап қосалқы шоттардың 17 мыңға өсуі тіркелді. Жыл басынан бері қосалқы шоттардың көрсеткіштері 2,2 есе өсті. Бірнеше жыл бұрын брокерлік шоттардың бүгінгі саны қолжетімсіз болып көрінді. Қосалқы шоттар санының ең көп өсуі ақпанда тіркелді – 69 мың қосалқы шот ашылды. Қосалқы шоттардың үлкен бөлігі – 99% жеке тұлғалардың атына ашылды", – деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.

Спикердің сөзінше, қазақстандық инвестордың портреті соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгеріп, жасарып келеді. Жыл басынан бері 35 жасқа дейінгі брокерлік шот иелерінің саны үш есеге жуық өсті (2,9 есе).

"2022 жылғы 14 қарашада 25-34 жастағы бөлшек инвестор тобы бөлшек инвесторлардың жалпы санының 30,8%-ін, 18-24 жастағы топ – 19,2% -ін, 18 жасқа дейінгі топ - небәрі 0,1% -ін құрады. Бұрынғыдай 35-54 жастағы топ ең көп үлесті алып отыр. Шындығында, жыл басынан бері бұл цифр 40%-тен 35,5%-ке дейін қысқарды. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқаруда-21,6%-тен 14,4%-ке дейін кеміді", – деді спикер.

Брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны жыл басынан бері 2,4 есе өсті. Олардың үлесіне шамамен 44%, бөлшек инвестор-ерлер үлесіне-56% келеді.

Ал аумақтық тұрғыдан алғанда, инвесторлардың көбі Алматы (21,5%), Астана (10,9%) және Түркістан облысынан (9,4%).

Сонымен қатар, Түркістан облысында жыл басынан бері қосалқы шот ұстаушылар саны 3,2 есеге, ал Астанада – 2,4 есеге, Алматыда – 1,9 есеге өсті.

Брокерлік шоттардың ең азы елдің солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (1,5%) ашылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу