Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға тұрғылықты тұруға 10 995 адам келген, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
"Елімізден 20 341 адам кетті, көші-қон айырымы – -9 346 адам. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтеді. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санындағы үлесі – тиісінше 84,4% және 84,8%", - деп жазылған ақпаратта.
Республика ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны азайған (0,7%).
Ақпаратқа сәйкес, өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң сальдосы еліміздің 3 өңірінде тіркелді: Алматы (27 741 адам), Астана (26 676 адам) және Шымкент (2 251 адам) қалалары.