Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Республика ормандарында жалпы алаңы 36,2 мың га құрайтын 161 өрт тіркелді, соның ішінде орманмен көмкерілген жерлер 12,4 мың га. Бұл ретте, биыл жоғарғы жалды өртке ауысу фактілері тіркелмеді. Әкімдіктерге қарасты ормандарда жалпы алаңы 30,5 мың га құрайтын 71 өрт тіркелді", - деді министр.
Көлемі үлкен орман өрттері Жамбыл, Атырау облыстарының орман мекемелері аумақтарында жол берілген.
"Министрлікке қарасты ормандардың жалпы аумағы 5,7 мың гектарында 90 өрт тіркелді, соның ішінде 5,6 мың гектары Іле-Балқаш резерваты аумағында. Бұл ретте, өрттің көбі 66 оқиға Ертіс өңірінің қарағайлы ормандарында тіркелді: Семей орманында – 43, Ертіс орманында – 23 оқиға. Негізгі себеп – найзағай жарқылы. Өрттердің жалпы алаңы небәрі 12 га құрайды, ал бір өрттің аумағы 0,2 гектардан аспайды", - деді Экология және табиғи ресурстар министрі.