Жыл басынан бері тұрғындарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 324 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2021 жылғы қаңтар-қазанда республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 257,9 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты 66,5 млрд теңге бағытталды.
Биыл қазанда республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 25,5 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша 6,7 млрд теңге жұмсалды.
2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша 524,5 мың адам, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша 149,7 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алады.
"Мүгедектік және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады", – деп жазылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.
Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 48 690 теңге, асыраушыдан айрылу бойынша берілетін жәрдемақының орташа мөлшері – 44 793 теңге.