Жыл басынан бері полиция мал ұрлығына қатысы бар 460-қа жуық адамды ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың 107-сі қылмыстық топ мүшесі. Заңды иелеріне 3 мыңнан астам мал қайтарылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының мүлкін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тамыз айында Батыс Қазақстан облысында полиция жылқы мен ірі қара ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады. Тергеу барысында олардың тоғыз қылмыс эпизодына қатысы бары анықталған. Күдіктілер 15-тен астам малды жайылымнан ұрлап, шалғай елдімекенге айдап барып сойған. Кейін етті Ақтөбе облысына сатып жіберу үшін жеткізіп отырған.
Қазір күдіктілер қамауға алынды.
Полиция ауыл тұрғындарына малды қараусыз қалдырмай, бақыланатын жайылым ұйымдастыруды, GPS-трекерлерді пайдалануды, сондай-ақ малды уақытылы таңбалап, чиптеп, есепке алуды ұсынады. Бұл шаралар ұрлықтың алдын алып, қылмыс болған жағдайда малды тезірек табуға мүмкіндік береді.