Кеңес жұмысына ІІМ, автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің басшылығы, сондай-ақ Энергетика министрлігінің, ТЖМ, ҰҚК Шекара қызметінің, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ өкілдері қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қуаты аз мұнай өңдеу зауыттарында өңделген ЖЖМ ағындары мен "сұр" экспортының күшею қаупі бар.
Баға айырмашылығынан ЖЖМ жеңіл автокөліктердің зауытта қондырылған немесе қолдан жасалған бензин бактарында ел аумағынан заңсыз шығарылады.
Тек Қазақстан-Қырғыз шекарасында айына осындай тәсілмен 10 мың тоннаға дейін ЖЖМ әкетіледі.
Сондай-ақ, жағармай құжаттарға жалған ақпарат енгізіліп, теміржол цистерналарымен тасымалдау фактілері кездеседі.
Осыған байланысты жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу бойынша одан әрі бірлескен шаралар талқыланып, мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын жалғастыру үшін, ЖЖМ заңсыз айналымын азайтуға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шараларды өткізу ұсынылды.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің мұнай өнімдерінің "көлеңкелі" айналымын төмендетуге бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесінде автомобиль және теміржол көлігімен ЖЖМ заңсыз өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау фактілері анықталып, тергелуде.