Жыл басынан бері Шымкентте 23 мың балаға төлқұжат рәсімделді

160

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелге шығатын әрбір азаматтың жасына қарамастан жеке төлқұжатының болуы талап етіледі.   

Жыл басынан бері Шымкентте 23 мың балаға төлқұжат рәсімделді Фото: bizmedia.kz

Былтыр Шымкентте 132 мың төлқұжат берілген болса, 2026 жылдың алғашқы екі айында балаларға 23 мың төлқұжат рәсімделген, деп жазады inbusiness.kz сайты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

Төлқұжат алу үшін ата-аналар халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі, ата-анасының бірінің жеке куәлігі және 4 АЕК (17 300 теңге) көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек болуы қажет.

Сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында ата-аналардың біреуінің болуы міндетті болып саналады. Ал қызмет көрсету мерзімі – 15 күн.

"Балалардың сырт келбеті тез өзгереді. Осыған байланысты кейде шекара қызметінің қызметкерлері құжаттағы фотосурет бойынша баланы бірден танымай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлқұжат жарамдылық мерзімі аяқталмаса да, оны ауыстыру қажет. 12 жасқа дейінгі балалар үшін төлқұжат 5 жылға, ал 12 жастан 16 жасқа дейін 10 жылға рәсімделеді", –делінген хабарламада.

Сонымен қатар, кейбір азаматтар санатына қарай төлқұжатты тегін ала алады. Оларға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері, жетім балалар, мүгедектігі бар балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар жатады.

Елімізде тұрғындарға шетелдік төлқұжатты жедел түрде рәсімдеу қызметі де қолжетімді. Өтініш берушінің қалауы бойынша, қосымша ақы төлеу арқылы құжат 1 немесе 3 жұмыс күні ішінде дайындалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу