Жыл басынан бері Түркияға 4 миллионға жуық турист келген

1111

Мәдениет және туризм министрлігі 2023 жылдың алғашқы екі айында Түркияға келген шетелдік туристердің санын жариялады. 

Жыл басынан бері Түркияға 4 миллионға жуық турист келген Фото: google

Түркия ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 3,9 миллион шетелдік келушіні қабылдады. Екі айлық кезеңдегі өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 37,31 пайызға артқан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Түркияны таңдайтын елдер арасында Ресей көш бастап тұр. Қаңтар-ақпан айларында бұл елден  келушілер саны 507 мыңды құраған. Одан кейін Болгариядан 318 мың және Германиядан 288 мың саяхатшы келген.

Ал осы уақыт ішінде Түркияның қалалары арасында ең көп турист қабылдаған шаһар - Ыстанбұл. Қаңтар айында ғана 1,2 миллион турист келген. Екінші орында - Анталья. Бұл қала 1-қаңтар мен 9-сәуір аралығында 1 миллионнан астам саяхатшыны қабылдаған. Осылайша, Антальядағы өткен жылғы туристік рекорд екі апта бұрын жаңартылды. Туристердің көбі Ресей, Германия, Ұлыбритания және Польшадан келді.

Сонымен қатар Қазақстаннан Түркияға жыл сайын орта есеппен 500 мың турист келеді деген ақпарат бар.

Зілзаладан соң туристер Түркияны таңдай ма деген сұрақ туындаған еді. Алайда жоғарыдағы көрсеткіштерге қарағанда келушілердің қарқыны бәсеңдемеген секілді. 

Өткен жылы туристер саны ең көп елдердің үштігіне Франция, Испания және Түркия кіргенін хабарлаған едік. Бұл ел 51 миллионнан астам саяхатшыны қабылдаған. Сөйтіп, турист саны 50 миллионды құраған АҚШ пен Италияны басып озған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу