Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ке, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ке өскенін көрсетіп отыр. Тау-кен өнеркәсібінде 1,2% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы 12,5%-ке орнықты өсім көрсетіп отыр. 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы жыл басынан бері 7,6%-ке өсті. Өсімге сауда, байланыс және көлік секторындағы жоғары динамика ықпал етті.
Тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып табылады. Тау-кен өнеркәсібін есептемегенде инвестициялар 23%-ке өсті.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Қостанай облысы мен Алматы қаласында тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Абай және Қарағанды облыстарында.
"Биылғы жылдың басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық саласында қамтамасыз ету керек", — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.