Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл экономика бірқатар тежеуші факторлар жағдайында дамып келеді. Біріншіден, бұл мұнай өндірісінің азаюы және мұнай секторының жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлесі. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарып, 69,4 млн тоннаны құрады. Екіншіден, теңгенің нығаюы экспортқа бағдарланған салалар мен бюджет кірістеріне тежегіш әсер етуде. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу өсуінің баяулауы тұтынушылық сұранысты тежеуде. Жылдық мәнде тұтынушылық кредиттердің өсуі 2025 жылғы тамыздағы 26,4%-дан биылғы тамызда 10,4%-ға дейін төмендеді", – деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Вице-премьердің сөзінше, аталған факторларға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып, оң динамика көрсетіп отыр.
"Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де оң динамика сақталуда. Көрсеткіштердің динамикасы экономика құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді", – деп атап өтті министр.