Биылғы сәуір айынан бастап республикада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 16 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Республиканың 4 өңірінде – Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар.
"Алты айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда тұрғындардың Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттануы 43%-ға төмендегені байқалады. Осы жылдың сәуір айынан бастап Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 16 жағдайы тіркелді, оның ішінде 7 жағдай Түркістан, Қызылорда облыстарында және 2 жағдай Шымкент қаласында. 10 жағдайда науқас адамдар мал бағуға қатысқан, 5 жағдайда науқастарды кене шаққан, 1 жағдайда науқас эндемиялық аймақта табиғатқа шыққан", - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова.
Оның дерегінше, биылғы жылдың өткен кезеңінде 2 адам аурудан қайтыс болды. Тағы 8 науқас емделіп жатыр, қалғаны сауығып шықты, науқастармен байланыста болған 115 адам медициналық бақылауда.