Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жыл сайын қадағалау шаралары арқылы 1 миллионнан астам кәмелетке толмағанның құқығы қорғалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1034 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тағы 1,3 мыңнан астамы тұрғын үй алу кезегіне қайта қойылған.
Қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында 17 мың білім беру ұйымы тексерілді. Нәтижесінде балалардың қауіпсіздігіне, санитарлық жағдайға және қаржылық тәртіпке қатысты анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Сонымен қатар 63 мектептегі мәселелер шешіліп, 31 мың бала үшін қолайлы жағдай жасалды.
Мектептерде бейнебақылау жүйелері орнатылып, олардың басым бөлігі полицияның жедел басқару орталықтарына қосылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының кадрлық құрамы тексеріліп, бұрын қылмыс жасаған немесе арнайы есепте тұрған тұлғалар жұмыстан шығарылды.
Балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балалар лагерьлерін міндетті лицензиялау енгізілді.
Сонымен қатар балалардың асырап-бағу құқығын қорғау бағытында алимент бойынша 40 млрд теңге берешек өндіріліп, соңғы жеті жылда жалпы берешек көлемі 87 пайызға қысқарған.
Бас прокуратура балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.