Жыл сайын биржа арқылы 1 трлн теңгенің стандартталмаған тауары сатылады

555

Биржа сессиясының нәтижелерін күнбе-күн жариялау ұсынылды. 

Жыл сайын биржа арқылы 1 трлн теңгенің стандартталмаған тауары сатылады

Биржадағы анонимді сатып алуды заңдастыру арқылы түрлі көзбояушылықтарға жол беріліп келеді. Бұл туралы ЕТS биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев айтты. 

"Кейінгі  кезде жыл сайын 1 трлн теңгеге жуық соманың "стандартталмаған" тауары биржа арқылы өтіп жатыр. Ең бастысы, біздегі ұлттық заңнамада екіжақты анонимді аукционда стандартталмаған тауар саудасына жол берілген. Бұл кәдімгідей көзбояушылық екені түсінікті. Мұндай тәсілді заңмен заңдастыру арқылы  стандартталмаған тауарларды копоративтік сатып алуға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұлай істеу өте оңай. Ал сатып алудың басқа тәсілдері алдын-ала көпшілікке жариялауды талап етеді. Екіжақты анонимді сатып алу кезінде тауар шектеулі алаңға шығарылады да, алдын-ала келісіп қойған сатып алушы өз ұсынысымен шығады. Қаламсаптан бастап тракторға дейін  осындай тәсілмен сатып алынып жүр. Мен осы фактілерге айрықша назар аударуларыңызды сұраймын.Өткен жылды біз 1,4 трлн теңгемен аяқтадық. Сол айналымның тек 9 пайызы ғана міндетті биржалық тізімге жатады. Ал триллион теңгенің тауары стандартталмаған", – деген ЕТS өкілі биржа сессиясының нәтижелері кешігіп жарияланатыны да күдікті деген пікір білдірді.  

"Биржа статистикасына назар аудартқым келеді. Бұл жай ғана ақпарат немесе елдегі барлық биржалық айналымның Big Data-сы емес. Бұл сауда процестеріндегі тәуекел – менеджменттің маңызды элементі. Егер биржа сессиясынан кейін ақпарат күнбе-күн жарияланбаса, баға индикаторлары мен сауда процестерінің нәтижелерін бұрмалауға жол ашылуы мүмкін. Биржадан тыс бекітілген келісімшартты бір аптадан кейін тіркеуге болатынын ескерсек, ондай айналымдарға ешқандай сенім болмайтыны түсінікті.  Статистика жөніндегі комиеттің жаңа агенттікке ауыстырылуына байланысты күн сайынғы биржа статистикасы түзілсе деген ұсыныс бар. Егер баға үшбұрышын қалыптастырғымыз келетіні шын болса, басқа жол да жоқ", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу