"Жыл сайын елден 250 млн доллар капитал шығарылады": Депутат оффшор аймақтардағы қаражат мәселесін көтерді

381

Арнайы оффшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. 

"Жыл сайын елден 250 млн доллар капитал шығарылады": Депутат оффшор аймақтардағы қаражат мәселесін көтерді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек шетелдік оффшорлардағы ақшаны қайтару мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кейбір шенеуніктер мен олигархтар заңның олқылығын пайдаланып, 30 жыл бойы капиталдың бәрін оффшорларға шығарып тұрды. Қолдағы ақпаратыма сәйкес, қазір оффшорлық аймақтарда 45 млрд-қа жуық елдің, халықтың ақшасы оффшорларда жатыр. Шетелдік ұйымның ақпараты бойынша, жыл сайын Қазақстаннан 250 млн доллар капитал шығарылады. Осыған орай, сіздің мекемеңіз (ред. – Қаржы министрлігі), Үкімет осы 45 млрд-қа жуық оффшорлардағы ақшаны қайтаруға не жасап жатыр? Қандай шара қолданып жатыр? Бізде кейбір оффшорлық аймақтар бар – Кайман аралдары, Сейшел аралдары, олармен келісімшарт тіпті жасалмаған. Олармен келісімшарт қашан дайындалады? Ол келісімшарттарды қашан күтеміз? Осы ақша қашан қайтарылады?", - деп сұрады депутат Бақытжан Базарбек.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару бағытында комиссия аясында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Өздеріңіз білесіздер, бірнеше тұлға реестрге кіргізілді. Бас прокуратураның арнайы комитеті сол тұлғалармен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Екіншіден, министрлікке келетін болсақ, бізде арнайы оффшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады да, тексеру барысында онда трансферттік баға белгілеу күшейтіледі. Қосарланған салықты жүргізбеу бойынша, 55 мемлекетпен белгілі бір конвенциялар бар. Жалпы, еліміздегі валюталық реттеу мен валюталық бақылау Ұлттық Банктің құзыретіндегі мәселе болған. Былтыр өздеріңіздің қолдауларыңызбен заңға тиісті өзгертулер енгіздік. Қазір Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қатысып отыр. Себебі, Ұлттық Банкте олар тек қана мониторинг жүргізген. (...) Қаржы министрлігі тарапынан барлық шетке шығарылған қаражаттар бойынша сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 500 млрд-қа жуық мәмілелер бойынша ақпаратты біз Қаржы мониторингі агенттігіне бердік. Яғни, қаншалықты мұнда қылмыстық істің фактілері бар екенін анықтау үшін", - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ, мәжілісмен министрден Кайман, Сейшел аралдарымен келісімшарттар қашан әзірленеді деп нақтылады.

"Бізде оффшорлық аймақтарға байланысты тиісті құжат бар. Сіздің айтып отырғаныңыз тікелей сол мемлекеттермен келісімшарт жасасып, елге ақшаны қайтару туралы болса, онда бұл комиссия аясында жүргізіліп жатқан жұмыс. Оның кейбір деректерін айта алмаймын", - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу