Жыл сайын қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірленеді

738

Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына толықтыру енгізіп, мәжіліске қайтарды. 

Жыл сайын қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірленеді

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов қоғамдық кеңестер Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналғанын алға тартып, жаңа институт үкімет жүргізіп отырған әлеуметтік, саяси, экономикалық даму жолын айқындауда халықтың пікірін жинақтауға мүмкіндік беретінін баяндады. 

Қоғамдық кеңестердің қызметін материалдық қамтамасыз ету мәселесі  шешімін тапты. Ол – жергілікті мәслихаттардың құзырына берілді. Бұған дейін қоғамдық кеңестер келіп түскен барлық нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайтын. Енді бұл мәселені қарау немесе қараусыз қалдыру туралы шешімді қоғамдық кеңестердің өздері шешеді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейте отырып, оларды квазимемлекеттік сектордың, сатып алу комиссияларының жұмысына тарту көзделген. Бұл нормалар квазимемлекеттік сектордың ашықтығын, есептілігін қамтамасыз етеді. Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі "уәкілетті орган" белгіленді. Оған бірқатар функциялар – заңнамалық түрде берілді. Жыл сайын Мемлекет басшысына қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін көтереді, ашықтығын қамтамасыз етеді", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Оның сөзінше, мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында сенат комитеті Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұлттық компаниялар құрған қоғамдық кеңесті құру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібін нақтылауға қатысты бірқатар ұсыныс енгізген.

"Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің жұмыс тобында, комитеттің кеңейтілген отырысында, заң жобасын талқылау кезінде депутаттардан Ұлттық әл-ауқат қорының және қор тобына кіретін компаниялардың ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық кеңесін қалыптастыру тәртібін нақтылау және регламенттеу мақсатында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар ұсынылды", – деді Бақытжан Жұмағұлов. 

Қанат Махамбет 

Фото: dalanews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу