Жыл соңына дейін 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған

1024

Оның ішінде 48 925 тұрғын үй пайдалануға берілді. 

Жыл соңына дейін 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған

Биылғы 6 ай ішінде  тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Өткен жылмен салыстырғанда 15,5%-ға жоғары. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр үкіметінің кеңейтілген отырысында айтты.

"Мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестициялар тартылды. Биылғы жылдың соңына дейін барлығы 118 мың тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 48 925 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 1,3 млн адамға жетті", – деді министр.

Министрдің мәліметінше, жарты жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 98,1% құрайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшы Түркістан, Қызылорда, Алматы және Қостанай облыстары болды.

Тұрғын үйді уақтылы іске қосу үшін құрылыс алаңдарына тиісті инженерлік коммуникацияны жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылды.

"Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға қаржыландыру ұлғайтылды. 3 жыл ішінде 3 мың жалға берілетін пәтер беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер беру көзделген. Жыл сайын 3 жыл ішінде көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылар үшін жылына 2%-бен 6 мың жеңілдікті қарыз берілетін болады",– деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.

Министр 2019 жылдың соңына дейін "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы жаңа редакцияда қабылданатынын атап өтті. Оған тұрғын үйлерді жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері енгізілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу