Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіліп, 1 мың 700 шақырымнан астам газ желілері жаңғыртылатын болады, оған 194 млрд теңге бөлінді. "Бейнеу – Бозой – Шымкент 2", "Ақтөбе – Қостанай" және "Талдықорған – Үшарал" газ құбырларын салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Скляр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қашағанда қуаты 1 және 2 жарым млрд текше метр болатын 2 зауыт салынып жатқанын айтты. Олар 2026 және 2030 жылдары пайдалануға беріледі.
"Қарашығанақта қуаты 4 млрд текше метр болатын газ өндіру зауытын 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде әлеуетті мердігер анықталды. Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты бойынша ПСД әзірлеу басталды, дала жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы қолданысқа енгізу жоспарланып отыр", - деді ол.