Жыл соңына дейін 602 шақырым жол құрылысы аяқталады

1073

Жыл соңына дейін 602 шақырым жол құрылысы аяқталады

Қазақстанның 1,2 мың шақырым автокөлік жолында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр,  деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Жалпы ұзақтығы 1,2 мың шақырым болатын Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе-Атырау, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка жобаларында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы үкімет отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

"Биыл жалпы ұзақтығы 2,5 мың шақырым болатын Қандыағаш-Махат, Жетібай-Жаңаөзен, Құрты-Бурылбайтал, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Буралбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновский асуы, Щучинск-Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыруға кірістік. Биыл 9 айда іске асырылған жобалар бойынша 177,5 млрд теңге игеріліп, 75 мың адам жұмылдырылды",- деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Жыл соңына дейін жалпы ұзақтығы 0,7 мың шақырым болатын Ақтөбе-Қандыағаш, Атырау-Астрахань, Ұзынағаш-Отар, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолын және Қостанай-Денисовка жобалары бойынша құрылыс жұмыстары шартын бекіту жоспарлануда.

"Биыл жыл соңында 602 шақырым жолдың құрылысын аяқтап, Астана-Павлодар – 232 шақырым, Бейнеу-Ақтау – 230 шақырым, Қордай  айналып өту – 40 шақырым, Орал-Каменка – 50 шақырым, Ақтөбе-Атырау – 26 шақырым және Қапшағай-Талдықорған– 24 шақырым автожолды ашу жоспарланып отыр",-деді министр.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын, соның ішінде 15 жаңа жоба бар 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен, ұлттық қордан және халықаралық қаржы институттары бойынша 356 млрд теңге, соның ішінде ұлттық қордан 143,5 млрд теңге қарастырылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу