Жыл соңына дейін ауруханалар мен емханаларға жақын маңға, сондай-ақ жолаушлар көп тұратын жерлерге 86 жылы аялдама қойылады, деп хабарлайды elorda.info Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қалалық мәслихат отырысында әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошун атап өткендей, қалада 1265 аялдама бар. Оның 897-сі павильонмен жабдықталған, оның ішінде 39-ы – жылы павильон. Жыл аяғына дейін бюджет қаражатына 55, ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 31 жылы аялдама орнату жоспарланған. Келер жылы инвесторлардың есебінен жаңа үлгідегі тағы 200-ге жуық жылы аялдама қою жоспарланған. Олар желдету, жылыту жүйесімен, сондай-ақ қажеттілікті өтейтін бөлмелермен жабдықталады және Wi-Fi орнатылады. Аялдамаларда қоғамдық көліктің жүру бағыты мен уақыты көрсетіліп тұрады.
Ал осылардың орнында тұрған бұрынғы ашық аялдамаларды қала көлігін басқару басқармасының ақпаратынша қала сыртындағы аялдамаларға орнатады. Қалған 228 жарақталмаған аялдама павильонының 140-на павильон қою мүмкін емес.
"Олар бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Аялдама орналасқан жерлерді қайтып алу және қажетті жұмыстар жүру керек. Бұл жұмыстарды біз тездетуге тырысамыз", - деді Сергей Хорошун.