Жыл соңына дейін Алматыда тағы 8 мың тұрақ орны ақылы болады

358

Бұл туралы агенттік сауалына берген жауабында "Алматы паркинг" мекемесі мәлімдеді.

Жыл соңына дейін Алматыда тағы 8 мың тұрақ орны ақылы болады Фото: gorodprima.ru

Алматыда қазір 17 мыңнан астам ақылы автотұрақ орны жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алайда жыл соңына дейін көлік тұрақтарын тиімді ұйымдастыру және жол қозғалысын реттеу мақсатында тағы 8 мыңға жуық тұрақ орнын ақылы жүйеге кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған. 

Мекеме мәліметінше, 2026 жылы қаланың магистралды көшелеріндегі шамамен 8 мың автотұрақ орны ақылы форматқа ауыстырылады. Бұл бастама көшелердің өткізу қабілетін арттырып, тұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ "Алматы паркинг" қазіргі уақытта автотұрақ тарифтерін қайта қарау мәселесі талқыланып жатқанын хабарлады. Дегенмен бұл бағытта әзірге нақты шешім қабылданбаған.

"Тарифтерге қатысты кез келген өзгеріс әкімдіктің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады", – деп атап өтті мекеме.

Бүгінде коммуналдық меншіктегі ақылы автотұрақтардың ең көбі Алмалы ауданында орналасқан – 5363 орын. Одан кейін Медеу ауданында – 5102, Жетісу ауданында – 3494, Алатау ауданында – 2637, Бостандық ауданында – 787, Түрксіб ауданында – 290, Наурызбай ауданында – 92, ал Әуезов ауданында 60 ақылы автотұрақ орны бар.

Еске салайық, Алматыда ақылы автотұрақтар жүйесін реформалау көзделіп отыр. Бұған дейін жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев резиденттік абонемент жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді. Бұл жүйе іске қосылса, тұрғындар үйлерінің маңындағы ақылы автотұрақтарды тегін пайдалана алады.

Кейін Ашық НҚА порталында Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларына қатысты құжат жобасы жарияланды. Құжатқа сәйкес, тұрғындарға тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан ақылы автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін беру ұсынылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу