Жыл соңына дейін Астана мен Павлодар арасында әуе қатынасы пайда болады

Қазір екі қала арасында қатынайтын ұшақ жоқ.

Жыл соңына дейін Астана мен Павлодар арасында әуе қатынасы пайда болады

Осыдан біраз уақыт бұрын бас қала мен Павлодар арасын жалғайтын әуе байланысы үзілген еді. Сондықтан тұрғындар тек көлік және пойызбен жетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен жүздесу барысында әуе қатынасын қайтадан жаңғыртуды тапсырды.

"Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды. Үкімет жыл соңына дейін "Павлодар – Астана" бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн", деді Президент.

Бұл мәселе оң шешімін тапса, екі қала арасында жүретін жолаушылар уақытты едәуір үнемдейтін еді. Бүгінде олар пойызбен 8 сағатта жетсе, ұшақпен небары 45 минутта жете алады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ертіс өзенінен өтетін, әбден тозығы жеткен көпірдің орнына жаңа көпірді салу ісін жеделдетуді жүктеді.

 "Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет",  – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 1962 жылы салынған көпірді жаңартуға қатысты жоба соңғы үш жылда қызу талқыланып келеді. Мамандар тиісті жобаны әзірлеп те қойды. Ол үшін 40 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бірақ бұған дейін республикалық бюджеттен қаржының бөлінбеуі салдарынан жоба жүзеге аспай тұрған-ды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу