Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
"Күтпеген геосаяси өзгерістердің орын алуына байланысты елімізде инфляция қарқын алды. Биылғы қараша айында жылдық инфляция 19,6%-ға жетті. 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға үлкен үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 18,6%-ға жетті, ақылы қызмет көрсету бағасы 14,1%-ға өсті. Инфляцияның республикалық деңгейден жоғары өсуі Маңғыстау облысында, Астана қаласында, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарында тіркелді", - деді Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, инфляцияның өсуі сыртқы инфляциялық қысымның артуы тауарларды логистикалық жеткізу жолдарын қайта құру, рекордтық инфляциялық күтулер, сұранысты фискалдық ынталандыру және кредиттеудің ұлғаюы аясында жалғасып жатыр.
"Жыл соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін көтеріліп, 2023 жылдың І тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырып отыр. Қабылданған шаралардың әсер ету шамасын және инфляциялық қысымның жеңілдеуіне қарай нақты мөлшерлеменің өсуін ескере отырып, 2023 жылы инфляцияның 11-13%-ға дейін төмендейді деген болжам бар", - деді Пірматов.