Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.
"Биыл "Серпін", "Ауыл Аманаты", "Ауыл ел бесігі", "Дипломмен ауылға" сияқты бағдарламалар арқылы 33 мыңнан астам адамға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл санаттағы азаматтарды қолдау үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Көшіп келушінің жұмыс беруші растайтын жұмыс орны болған жағдайда бұл азаматқа тұрғын-үй құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ 4 миллион теңгеден аспайтын сертификат берілетін болады", - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай сертификатты 224 отбасы алып үлгерді.
Бұдан бөлек Тамара Дүйсенова экономикалық ұтқырлық сертификаттарын берудің оң нәтижесі байқалып отырғанын тілге тиек етті.
"Жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге тағы 4 512 адамды (қоныс аударушылар мен қандастар) қоныстандыруды жоспарлап отырмыз", - деді министр.