Жыл соңына дейін жаңа тұрғын үй бағдарламасы бекітіледі

1862

Ол бес мәселені шешуге бағытталмақ.  

Жыл соңына дейін жаңа тұрғын үй бағдарламасы бекітіледі

Елімізде жаңартылған "Нұрлы жер" бағдарламасы қабылданады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

"Жыл соңына дейін жаңа бағдарлама бекітіледі. Ол бес мәселені шешу бойынша жұмыс істейді. Яғни, бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру, халықты сапалы ауыз сумен қамту, коммуналдық саланы дамыту мен жаңарту, тұрғын үй қорын толығымен қайта жөндеу және құрылыс саласын дамыту",– деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің сөзінше, жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты жұмыс істейтін әрбір қазақстандықты жеке пәтермен қамту.

"Бағдарламаларға қатысудың нақты талаптары бекітіледі. Оның негізгісі - халықтың табысы. Табысы жоқ немесе отбасының бір ғана мүшесінің табысы бар кезекте тұрғандарға сатып алу құқығы жоқ пәтерлер жалға беріледі. Яғни, әлеуметтік осал топтың ішінде іріктеу жүргізіледі. Оларға арналған сатып алу құқығы жоқ пәтерлер құрылысы жалғаса береді. Ал өзгелер үшін 2%-бен берілетін "Бақытты отбасы" бағдарламасы қала бермек",– деді Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен қатар, министр "Бәйтерек" холдингінің тұрғын үй бөлімін оңтайландыру бойынша - "Байтерек девелопмент", Қазақстан ипотекалық компаниясы және Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорын біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Жобаның барлық сатысында бір оператор кешенді қолдау білдіреді. Атап айтқанда, жоспарлау кезеңінен бастап, инжинириг, цифрлы бақылау, кейінгі пайдалануға беру уақыты",– деді министр.

Бейбіт Атамқұлов еліміздің екі өңірінде тұрғын үй құрылысының баяулағанын да атап өтті.

"Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында 7,6 млн шаршы метр, яғни, 65,8 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда тұрғын үйлерді пайдануға беру көрсеткіштері Нұр-Сұлтанда – 33,4%-ға, Маңғыстау облысында – 9,5%-ға баяулаған",– деді министр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу