ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов елдегі инфляцияның өсуі туралы болжамдарға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Шынында да, инфляция бар. Алайда, жалпы инфляция үдерісі кері бағытта екенін атап өткім келеді. Егер өткен жылды алсақ, инфляция 8,6% деңгейінде қалыптасты, оның алдындағы жылы шамамен 10% болды, ал одан бұрын 20% болған, – деді А. Қасенов Үкіметте өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, инфляция – жаһандық үдеріс және көбіне монетарлық сипатқа ие.
– Дәлірек айтқанда, оған халықты несиелендіру көлемінің қарқыны айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанда соңғы үш жылда бұл көрсеткіш жылына 30% деңгейінде қалыптасты. Яғни халықты несиелендіру номиналды ЖІӨ өсімінен де жоғары қарқында өсіп келеді. Бұл қосымша сұранысты тудырады, – дейді А. Қасенов.
Сондай-ақ, спикер елде Ұлттық банк пен Үкімет жүзеге асырып жатқан инфляцияға қарсы кешенді шаралар қолға алынғанын, олардың саны 100-ден асатынын айтты.
– Дәл осы кешенді шараларды табысты іске асыру инфляцияның төмендеуіне әкелді. Жыл қорытындысы бойынша, инфляцияның шамамен 10% деңгейінде болатынын болжап отырмыз, – деп түйіндеді А. Қасенов.