Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздің жалпы ішкі өнімі 2,9% төмендегенін жариялады.
"Халықаралық қаржы ұйымдарының 2020 жылға арналған жаңартылған болжамына сәйкес, әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі минус 4,4-тен минус 7,6%, әлемдік сауда минус 7-ден минус 10,6% дейін азаюы ықтимал. Жаһандық инвестиция биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 есеге төмендеді. Жекелеген елдерде шектеу шаралары қайта енгізілді", – деді Руслан Дәленов.
Министрдің мәлімдеуінше, жоғарыдағы жағдайға қарамастан соңғы 10 айда ел экономикасының жекелеген салаларында оң өзгеріс байқалған.
"Өндіруші емес секторларға салынған инвестиция ұлғайды. Нақты секторда өсім сақталуда. Қызмет көрсету саласы тұрақтанды және экономиканы несиелендіру көлемі артты. Дегенмен шектеу шаралары барлық салаға кедергі келтіріп тұр", – деді ол.
Руслан Дәленовтің айтуынша, 10 айдың қорытындысында тауар өндірісі 1,9% өсті. Ал қызмет көрсету көлемі 6,1% қысқарды.
"Жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1% құрады", – деді министр.
Қанат Махамбет