Жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен асатын қазақстандықтар кірісінің 15%-ына салық салынуы мүмкін

227

Елімізде жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі. 

Жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен асатын қазақстандықтар кірісінің 15%-ына салық салынуы мүмкін Фото: Владимир Третьяков

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр жаңа Салық кодексінің жобасындағы негізгі жаңалықтарға тоқталды.

"Маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынатын болады. Олар қазір салықтан босатылған", - деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады.

"Бұл ретте экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту үшін "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістерді 2030 жылға дейін салық салудан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 трлн. теңге қаражат салуға мүмкіндік береді. Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады", - деді Ұлттық экономика министрі.

Бұдан басқа бизнесті бөлшектеумен күресті күшейту үшін заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты өзгерістер ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу