Еліміздегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 3 мыңнан асты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
2021 жылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда
3030 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124-ке артық.
Олардың төрттен бір бөлігі Түркістан облысына (724 ауыл шаруашылығы кооперативі), кейін Жамбыл (285) және Шығыс Қазақстан (281) облыстарына тиесілі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері Нұр-Сұлтан (6) және Алматы (8) қалаларында аз. Қуаңшылықтан қатты зардап шеккен Маңғыстау облысында 21 кооператив болған.
Биыл маусымның соңында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінде 7,9 мыңнан аса адам жұмыс істеген. Олардың саны бір жылда 3% өскен. Оның 7,8 мыңы кооператив қызметкерлері, тағы 81 адам басқа ұйымдардан жұмысқа қабылданған.
Кооперативтерде 516 адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істеген, бірақ олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есе азайған.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрамында 603 заңды тұлға бар, олардың 498-і шаруашылық серіктестіктері, 1 – акционерлік қоғам, 104 – басқа ұйымдық-құқықтық нысандары бар заңды тұлғалар.
Сонымен қатар кооперативтердің құрамына 22,8 мың жеке кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары, 27,4 мың үй шаруашылықтары кіреді.
2021 жылғы маусымның соңында ауыл шаруашылығы кооперативтеріндегі ірі қара мал саны 132,8 мың бас болды, бұл
өткен жылмен салыстырғанда 7,1% артық. Оның ішінде сиыр 65,4 мың бас, бір жылдағы өсім – 7,1%.
Қой саны 152,3 мың бас (бір жылдағы өсім – 6,4%), жылқы – 10,9 мың басты (өсім — 18,6%), түйе – 696 басты (бір жылда 89,6% өсті).
Сондай-ақ ешкі саны 45,9% немесе 2,4 мың бас, ал шошқа саны
25,6% немесе 58 басқа дейін азайған.
Құс саны 4,5 есе немесе 48,9 мың басқа өскен.
Дәурен Ерболат