Жылқылар неден қырылды?

Олардың өлекселерін бірден өртеп жіберді. 

Жылқылар неден қырылды? Фото: inbusiness.kz

Павлодар облысындағы Максимовка ауылында 48 жылқы бірден қырылып қалды. Олардың не себепті арам қатқаны әзірше белгісіз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Аталмыш елді мекенде бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Күнделікті өріске шыққан жылқылардың іші кеуіп, ісініп, өткен. Бірден жүре алмай, бір-ақ құлаған. Мамандар инфекциялық аурудан қауіптеніп, ор қазып, өлекселерін бірден өртеп жіберіпті. 

Алайда кейін белгілі болғандай жылқылардың қырылуына жұқпалы, инфекциялық аурулар емес, қара бидай алқабына өтуі себеп болуы мүмкін. Себебі жеке аулаларға тиесілі жылқылар бұған дейін тиісті екпелердің барлығын алған. Сондықтан кесел қандай да бір сырқаттан келді деуге болмайды. 

Жергілікті шаруашылық өкілі Андрей Божоктың пайымынша, оқыс жағдайдың орын алуына жылқылардың қара бидай өсетін алқапқа алғаш рет кіруі себеп болуы мүмкін. Биыл қуаңшылықтан егін шықпай, қырда шөп болмағандықтан ауылдың 400-ге жуық жылқысы осы алқапқа кірген көрінеді. Яғни, есептен шығарылған егістік аумақтарына мал жаюға рұқсат берген. Ал шаруашылық өкілдерінің сөзінше, олар бұл аумақта ешқандай химиялық заттарды қолданбаған. 

"Бұрын қара бидай егілетін аумақ ауылдан алыстау болғандықтан, оған мал кірмейтін. Жылқылар биыл бірінші рет түсіп отыр. Жайылымға айналған жерлер пестицид, химиялық басқа да заттармен өңделген жоқ", - дейді ол. 

50-ге тарта түліктің бір уақытта қырылып қалуына нақты не түрткі болғанын зертханалық сараптамалар көрсетеді. 

"Біздің ойымызша, малдар әлденеден уланған. Олардың дірілдеп жүре алмай қалуы, асқазан-ішек жолдарының ісініп кетуі осындай болжамға әкеліп отыр. Бірақ анық-қанығын сараптама қорытындысынан соң айта аламыз. Материалдар облыстық зертханаға жіберілді", - дейді Павлодар облысының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Рашид Нұрбеков. 

Зерттеу жұмыстарын жүргізу бірнеше күндік уақытты алады. Ал бұл кезеңде басқа жылқылар ветеринарлық бақылауға алынды. Мал дәрігерлері олардың жағдайын да күнделікті бақылап тұрады. Сондай-ақ, енді қара бидай алқабына мал жайылмайтын болды. Олардың өрісін басқа жерге ауыстыруға қатысты шешім қабылданды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу