Қостанай облысының Аманкелді ауданында жылқылардың жаппай іш тастауы байқалды. Өткен айда бірден 15 бие өлі құлын туды. Оның себебін жергілікті тұрғындар сан-саққа жүгіртіп жатыр, деп хабарлады Хабар 24 kz.
Кезінде киіктерді баудай қырған пастереллёз ауруымен байланыстырғандар да аз болған жоқ. Ал тексеріс жүргізген мамандар оны түбегейлі жоққа шығарып отыр. Олардың болжамы бойынша, жер бетін қалың тоң басқандықтан далада тебіндеген малдың азығы нашар болып, қыстан көтерем шыққан. Бірақ жылқылардың іш тастауының нақты себебі зертханалық тексерістен кейін анықталады.
"Зертханаға патологиялық материалдарды әкелдік. Бүгінгі таңда олар тексеріліп жатыр. Осы жетінің аяғына дейін нақты нәтижені білеміз деп ойлаймыз. Бірақ жылқылардың іш тастауын пастереллезбен байланыстыруға болмайды", - деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Бекет.