БАҚ беттерінде Жылыой аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері қызметтік тұрғын үйден заңсыз шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Аудан әкімдігі осы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Хабарламаға сүйенсек, дәрігерлерді қызметтік үйден шығаруға арыз-шағымдар негіз болған. Жылыой ауданы әкімінің Құлсары қаласында халықпен кездесуінде Ұ. Әбдірахманов көшесінің тұрғындарынан дәрігерлер мен мұғалімдерге берілген қызметтік пәтерлер үшінші тұлғаларға жалға берілетіндігі туралы шағымдар түскен. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов осы шағымдарды негізге алып, баланс ұстаушысы "Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" ММ-ге жоғарыда көрсетілген дерек бойынша тексеру жүргізуді тапсырады.
Тексеру қорытындысы бойынша, қызметтік пәтер алған екі дәрігердің онда тұрмайтыны және үшінші тұлғаларға жалға бергендері анықталған.
"Осы факті анықталғаннан кейін пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметтік пәтерлер "Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" ММ балансына қайтарылды. Қызметтік тұрғын үйді дәрігерлерге Жылыой аудандық орталық ауруханасы берді", – деп жазылған әкімдік берген түсінікте.
Бұған дейін БАҚ-та жарияланған ақпараттарда дәрігерлерге үйді босату туралы ескерту қағазы келгендігі айтылған еді. Әкімдік өкілдері пәтерлердің енді жас мамандарға берілетіндігін айтқан.