Елімізде мыңға жуық ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылады, деп хабарлайды ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
"Полицияның ұсынысы бойынша жылсайын мыңға жуық қазақстандық ата-ана құқығынан айырылады. Осылайша елімізде тірі жетімдік деңгейі өршіп барады", – деді министр мәжілісте үкімет сағатында, деп жазады "Интерфакс-Қазақстан".
Оның мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 12 мыңнан астам жайсыз отбасы полицияның профилактикалық есебінде тіркеуде тұр. Ол отбасыларда 16 мыңнан астам бала бар. Былтыр ата-аналық міндетін тиісінше атқармаған 5500-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің 44 фактісі анықталған.
"Мұның барлығы тек полицияның ғана емес, әлеуметтік қызметтер мен қоғам өкілдерінің жіті қадағалауында болуға тиіс. Әрине, полицияда әлеуметтік жайсыз отбасыларға әрекет етудің тетіктері бар. Алайда, өкінішке қарай, олардың барлығы жазалаушылық сипатқа ие", – деп түсіндірді Қалмұханбет Қасымов.