Жылу энергиясын тұтынушыларға 43 миллион теңге қайтарылады

939

Осынша қаржы көпқабатты үйлердегі есептегіш құралы жоқ пәтер иелеріне тиесілі.

Жылу энергиясын тұтынушыларға 43 миллион теңге қайтарылады

Өйткені, биыл қыс айлары аса ызғарлы болған жоқ. Сондықтан, тұрғындардың жылу энергиясын тұтыну көлемі әртүрлі болды. Әсіресе, көпқабатты үйлердегі есептегіш құралы жоқ пәтер иелері бірнеше ай бойы бірқалыпты тарифпен төлем төлеп келді.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсенбиев осыған орайда 2019-2020 жылдарға арналған жылыту маусымы бойынша сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, табиғи монополиялар субьектілері Жамбыл облысының тікелей есептегіш құралы жоқ тұтынушыларына артық төлеген төлемдерін қайтаратындығын айтты.

"Бұл ретте жалпы облыстағы тұтынушыларға қайтарылатын төлем мөлшері 43 миллион 109 мың теңгені құрап отыр. Яғни, осынша қаржы көпқабатты үйлердегі есептегіш құралы жоқ пәтер иелеріне тиесілі. Мәселен, бұл жағдай Тараз қаласы бойынша төрт ірі кәсіпорынға қатысты. Оның ішінде жұмысы ауқымды "Таразэнергоорталық" АҚ-ның үлесі мол. Олар 24 миллион 746 мың 400 теңгенің төлемін қайтарады. Бұл кәсіпорын әр шаршы метр аумақтың жылуын 16,73 теңгемен есептеп отыр. Сондай-ақ, "Жамбыл жылу" мекемесі 5 милллион 115 теңге, "ТаразТрансэнерго" мекемесі 2 миллион 771 мың теңге, "София" ЖШС 269 мың теңге артық төленген төлемді қайтарады", – деді ол.

Бұл тек есептегіш құралы жоқ немесе істен шыққан үйлерге қатысты шара екен. Есептегіш құралы барларға жылу көлемі аязды күндерде көп мөлшерде, жылы күндерде аз мөлшерде барып тұрады. Сондықтан, олар жылу беру мекемелерімен дер кезінде есептескен.

Ерболат Дүйсенбиевтің сөзінше, шағын қалалары бар үш аудан ерекше назарда көрінеді. Мәселен, "ЖаңатасСу жылу" мекемесі жаңатастық есептеуіші жоқ тұрғындарға 4 миллион 174 мың теңге қайтарады. Қаратау қаласындағы "Игілік" мекемесі 3 миллион 3 миллион 946 мың теңге, "Шу Жылу" мекемесі 1 миллион 800 мың теңге, Т.Рысқұлов ауданындағы "ҚұланЭнергоЖылу" есептегіші жоқ тұтынушыларына 265 мың теңге қайтарады.

"Өңірде 1200-ге жуық көпқабатты үй бар. Олардың 800-ден астамына есептеуіш құралдары орнатылған. Әрине, бар есептегіш құралдарының өзі бұзылып қалатын кездері бар. Сонша бұл қайтарымды ақшаны шамамен 400-ге жуық көпқабатты үйдің тұрғындары ала алады. Ал әр көпқабатты үйдегі пәтерлер саны әртүрлі. Пәтердегі бөлмелер саны да әрқалай. Сондықтан, әр үйге тиесілі қаражат көлемі әртүрлі болады. Бір бөлмелі үйде тұратындар шамамен 700 теңге көлемінде қаржыға ие болса, төрт бөлмелі пәтер иелері үшін 3 мың теңгеге жуық төлем қайтарылуы мүмкін. Мұның өзі пәтер иелері үшін едәуір көмек деп есептейміз", – деп атап өтті департамент басшысы.

Әсел Мұратбекқызы,

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу