Жылу құбырларын жаңартуға 69 миллиард теңге бөлінеді

563

Энергетика министрі алдағы қыста жылыту үшін төлем құны кемі 10-25 пайыз аралығында қымбаттауы мүмкін екенін ашық айтты.

Жылу құбырларын жаңартуға 69 миллиард теңге бөлінеді Фото: ВЛАДИСЛАВА СОНА

Қысқа дайындық қалай?

Қақаған қыста мыңдаған адамды жылусыз қалдырған Екібастұздағы Жылу электр стансасының қожайыны осы энергетикалық нысаннан бір тиын да пайда көрмепті. Басқа емес, жаңа тағайындалған Энергетика министрі осылай деп, Форбстағы байлар тізіміне кіретін Клебановтың сөзін сөйлегендей болды. Ал, премьер-министрдің бірінші орынбасары "алдағы қыста Екібастұзда ешқандай түйткіл болмайды" деп сендірді.

Өткен қыс қатты қысса керек, алдағы жылыту маусымына үкімет осы кезден қамдана бастағандай. Қазірден әр аймақтағы қазандықтарды жөндеу барысын пысықтауға кірісті.

"15 сәуірде "Таразэнергоцентр" АҚ 4-ші жылу электр стансасында, 21 сәуірде Қарағандының 3-ші жылу электр стансасында, "Қарағанды Энергоцентр" Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, "МАЭК" ЖШС 2-ші жылу электр стансасында және басқа да электр стансаларында жөндеу жұмыстары басталады",- дейді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Рудный мен Арқалық қаласында қыс ортасында қазандықтардан ақау шыққан Қостанай облысы мен Екібастұзы елді елең еткізген Павлодар облысының әкімі "тас-түйін дайынбыз" деп есеп берді.

Жылу құбырларын жаңартуға 69 миллиард теңге бөлінеді

"Барлық баяндаманы тыңдап болған соң премьер-министр өз есебін айтты. "Өңірлерден түскен өтініштерге сүйеніп желілерді ауыстыру үшін 69 миллиард теңге бөлінеді" - деді. Ендігі мәселе  осыны жүйелі түрде жүзеге асыру болып отыр.

"Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп 1-ші маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтау керек. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жекеменшіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек. Туындаған барлық мәселелерді жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет", - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Екібастұздағы апатты жылу электр стансасын кімнің қаржысына жөндейді?

Дәл қазір ең өзекті мәселе  Екібастұз екені анық. Роман Скляр қазандық пен құбырлардың бәрін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінетінін айтып, "енді қайталанбайды" деп сендірмек болды.

Жөндейді делік. Кімнің қаржысына? Үкімет "жартысын акционер, жартысын бюджет есебінен" деді. "Біреудің бизнесінің былығын неге салықшылардың ақшасымен реттеу керек?" - деген қисынды сұрақ туады. 

Энергетика министрі "Екібастұздағы жылу электр стансасының қожайындары мүлдем дивиденд алмапты" деп қорғаштағандай болды.

Бүгінгі үкімет отырысындағы баяндамалардан бір түсінгеніміз  жылу электр стансаларының қарызы миллиардтап есептеледі екен. Оған тарифтің арзандығы себеп көрінеді. Энергетика министрі алдағы қыста жылыту үшін төлем құны кемі 10-25 пайыз аралығында қымбаттауы мүмкін екенін ашық айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу