Жылу мәселесін шешу үшін екі бірдей магистраль салу керек

1289

Олардың құрылысына шамамен 2 млрд теңге қажет.

Жылу мәселесін шешу үшін екі бірдей магистраль салу керек Фото: Валерий Бугаев

Биыл Павлодар қаласының тұрғындары тарапынан жылуға қатысты шағымдар әдеттегіден көп түсіп жатыр. Айталық, өткен аптада құрылған арнайы қоғамдық комиссия бар-жоғы бірнеше күн ішінде 92 көпқабатты үйді тексерді. Шағымдардың көбі расталып, жылуды реттеу бойынша шаралар қолға алынды.

Аталмыш комиссия мүшесі, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олег Круктің пайымынша, мәселені шешу үшін облыс орталығында жыл сайын шамамен 15 метр құбырды ауыстыру қажет.

"Ал іс жүзінде мүлде олай емес. Бұған дейін жылына 7-9 шақырым желі жөнделсе, былтыр бар-жоғы 3,5 шақырым жаңа құбыр салынды. Өткен жылы пандемияның өзгеріс енгізіп, желілерді жаңарту мүмкіндігі болмағаны - түсінікті жайт. Десе де, құбырларды ауыстыру мәселесі әлі өзектілігін жоя қойған жоқ", - деді Олег Крук.

Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі мардымсыз болып отыр. Сондықтан Усолка мен Дачный шағын аудандарындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік және бизнес нысандарды жылумен қамту үшін тағы екі магистраль салу керек.

"Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Олег Перфилевтің айтуынша, жаңа магистральдарды салатын мердігер компания белгілі. "Ай-Су Мелиорация" ЖШС 8 айдың ішінде екі жылу желісін салуға дайын.

"Магистарль мен сорғы станциясының құрылысына жергілікті әкімдіктен 1 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл қаржы жұмысты уақытылы аяқтауға жетпейді. Құрылысты сапалы жүргізу үшін тағы 1,7 млрд теңге қарастыру қажет", - дейді Олег Перфилев.

Осы және өзге де мәселелерді шешу үшін жылумен қамтуға қатысты облыстық бағдарлама әзірленбек. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді жаңғырту, проблемалық баспаналардың техникалық паспортын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу