Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2025 жылы 323 км жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау үшін 89,7 млрд теңге инвестиция көзделген. Оның ішінде 75,7 млрд теңге бюджет қаражаты және кәсіпорындардың тарифтік сметасы шеңберінде 14 млрд теңге. Сондай-ақ қабылданған "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" жаңа ұлттық жобасы шеңберінде ағымдағы жылы 129 км жылу желілерін жаңғырту үшін жалпы сомасы 98,7 млрд теңгеге инвестициялар тарту жоспарланып отыр", - деді Энергетика вице-министрі.
Сұңғат Есімхановтың сөзінше, бүгінгі таңда жылу желілерін қайта құру мен жаңғыртудың 56 жобасын іске асыру үшін 103,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қосымша қажеттілік бар.
"Атап айтқанда, 28 жобаны аяқтау үшін 37,3 млрд теңге және 28 жаңа жобаны іске асыру үшін 66 млрд теңге", - деп атап өтті ол.