Жылыжайдың өндірістік қуаты жылына 1100 тонна көкөніс өнімдерін жинауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа нысанда Құлсары қаласының тұрғындары үшін 30 жұмыс орны қарастырылған. Жылыжайдың жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Мамандарды Голландияның тәжірибелі агрономдары мен технологтары дайындады. Заманауи құрылғылармен толық жабдықталған жылыжайда тамшылатып суару әдісін қолданады. Бұл мекеменің бастамашысы "Атырау – Сауда" ЖШС директоры Әлімжан Байжігітов. Жылыжайға арналған жабдықты сатып алуды ТШО-ның мердігер ұйымдарының біреуін қолдауымен жүзеге асқан, оған 2 млн евродан астам қаржы бөлінді. Ал құрылыстың іске асуын кәсіпкер жеке қаражат есебінен қаржыландырды. Алғашқы өнім бірнеше айдан кейін жемісін бере бастайды.
"-Жылыжайда өсірілген көкөністердің жақсы сапасы жаңа жабдықтарды, көшеттерге қосымша күтім жасауды, суды тазарту жүйесін, тамшылатып суаруды кепілдендіреді. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету", – деді жоба бастамашысы Әлімжан Байжігітов.
Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Жылыой ауданына келген іссапарында жылыжай жұмысымен танысты. Облыс әкімі жауапты қызметкерлерге өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, Атырау облысында жылыжай ашқысы келетін кәсіпкерлер жыл сайын өсіп жатыр. Жақын арада Махамбет ауданында 10 гектар өнеркәсіптік жылыжай салу жоспарланып отыр, ол үшін жер учаскесін бөлу инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.