Жылыту қазандығы мен желілерді жөндеуге бір жарым миллиардтан аса қаржы бөлінген

832

Жылыту қазандығы мен желілерді жөндеуге бір жарым миллиардтан аса қаржы бөлінген

Парламент сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе облысының Алға ауданына сапар барысында тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорнының алдағы қысқы кезеңдерге дайындық сапасына назар аударды, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Қаладағы жылыту қазандығы мен желілерді күрделі жөндеуден өткізуге бір жарым миллиардтан астам қаржы бөлінген болатын.

Бүгінгі күні көзделген жөндеу жұмыстары аяқталып, қаржы толығымен игерілді. Қаладағы орталық жылыту қазандығына қосылған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қыс айларында қалыпты жылумен қаматамасыз етуге мүмкіндіктер жасалды.

М.Тағымов пен М.Жұмағазиев жөндеу жұмыстарына қанағаттанарлық баға берді. Сенаторлар сапары Тоқпансай ауылдық округінде жалғасты. "Тоқпансай" ЖШС басшысы Өтесін Өтепбергенов ауылда мал шаруашылығы кешені ғана емес, күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерін шығаратын шағын нысандар жұмыс істейтінін хабардар етті. Қазір әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізіліп, жаңа маусымға сақадай сай әзірленді. Үйлерге табиғи газ, ауыз су келіп тұр.

Сенат депутаттары осы аудандағы Есет батыр ауылында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдады. Сенаторлар айтылған мәселелерді аудан және облыс басшылығына жеткізіп, олардың толық шешім табуын назарда ұстайтындарын айтты. Сенатор Мұхтар Жұмағазиев "Грин Хаус Қазақстан" жылыжай кешенінде болып, оның жұмысымен танысты. Жылыжай кешені үстіміздегі жылы ғана пайдалануға берілген болатын.

 Өндіріс қуаты – жылына 6 мың тонна көкөніс өндіру. Жалпы көлемі 9,5 гектар жылыжай кешенінде 60 жұмыс орны ашылып, облыс халқын көкөніспен толық қамтамасыз етуге мүмкіндіктер бар.

Сенатор М.Жұмағазиев Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында "КазАгроФинанс" АҚ көмегімен салынған жылыжай кешенінің өндірістік қуатын толық пайдалану арқылы облыс халқымен бірге шекаралас өңірлердің де қажетін өтеу мүмкіндігі мол екенін атап көрсетті.

М.Жұмағазиев сонымен қатар консервіленген ет өнімдерін шығаратын "Айбек" әлеуметтік-кәсіпкерлік өндіріс орнында кездесу өткізді. Қала мен облыс жұртшылығына өз өнімін ұсынатын серіктестік аз ғана уақыт аралығында тұтынушылар арасында танымал болып үлгерді. Кездесу барысында сенатор М.Жұмағазиев ең озық технологияларды енгізе отырып, өндіріс ауқымын кеңейту, соған қарай жұмыс орындарының санын ұлғайту қажеттігін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу