Жылыту маусымы аяқталғанша көмір бағасы көтерілмейді – министрлік

796

Шұбаркөл көмірі орташа 15-20%-ға, Қаражыра көмірі 6%-ға арзандатылған күйінде сақталады.

Жылыту маусымы аяқталғанша көмір бағасы көтерілмейді – министрлік

Министрліктің, тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының, барлық облыстың және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде көмір сатушылармен меморандумдар жасалды. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған министр Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, биыл 26 қарашадан бастап жасасқан меморандумдарды іске асыру аясында жылыту маусымының аяғына дейін Шұбаркөл көмірі орташа 15-20%-ға, Қаражыра көмірі 6%-ға арзандатылған күйінде сақталады.

"Алматы облысында барлық 31 меморандумға қол қойылды, темір жол тұйықтарында "Шұбаркөл" көмірінің бағасы 3100 теңгеге немесе 21%-ға төмендетілді, ал "Қаражыра" көмірі 1000 теңгеге немесе 5-6%-ке арзандатылды. Қостанай облысында барлық меморандумдарға қол қойылды, "Шұбаркөл" көмірінің бағасы 2950 теңгеге немесе 20%-ға төмендеген, ал "Қаражыра" көмірі 800 теңгеге немесе 5%-ға арзандатылған. Астана қаласында барлық меморандумдарға қол қойылды, "Шұбаркөл" көмірінің бағасы 3000 теңгеге немесе 16%-ке төмендеді, ал "Қаражыра" көмірі 800 теңгеге немесе 5%-ға арзандады. Еліміздің қалған өңірлерінде де халыққа сатылатын көмірдің бағасы орташа 5% -тен 21% процентке дейін арзандады",  деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Соңғы деректер бойынша, биыл жыл басынан 20 желтоқсанға дейінгі аралықта еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірді (көмір концентратын есептемегенде), бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға (5 млн тонна) артық.

2018 жылдың соңына дейін көмір өндіру көлемі шамамен 112 млн тонна болады, деп күтілуде. Бұл 2017-ші жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 5,3 млн тоннаға артық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу