Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысы әкімінің жылу беру саласына жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзінше, жылу маусымы 11 өңірде басталды.
"Қазан айының ішінде ауа райына байланысты жылыту маусымы қалған өңірлерде кезең-кезеңімен басталады. Барлық жылу көздері күзгі-қысқы мезгілге кіру үшін жеткілікті жабдықтармен, отын қорларымен қамтамасыз етілген. Энергия көздерінің қоймаларында отынның нормативтік қоры жасақталған. Жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуіне орай Семей қаласының орталық жылу пункттерінде жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі кешіктіріліп, салдарынан жылу беру үшін дайындық 5 қазанда қамтамасыз етілді. Осы ретте Абай облысының әкімдігі қаланың барлық тұтынушыларына жылу беруді жедел түрде аяқтауы қажет", – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Үкімет басшысы Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
"Жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа-райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Олжас Бектеновтің сөзінше, өңір әкімдері жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыруы тиіс.
"Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер. Бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Нәлібаевта", – деп атап өтті ол.